Консультациялық пункт жұмысы. Педагог-психолог кеңесі.
Консультациялық пункт жұмысы. Педагог-психолог кеңесі.
Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамтылмаған балалардың ата-аналарына арналған.
«Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаған. Кішкентай баланың тілі енді шығып, былдырағанда қызық көріп сөйлететініміз бар. Алайда соңғы кездері баланың тілі кеш шығуы жиілеп барады. Бұған денсаулық сақтау саласының мамандары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп. Бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт емізік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қорқып секем алудан тұтығу пайда болуы секілді себептер тізіледі. Солардың ішінде баланың тілі ерте шығуына ата-ананың тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Мәселен, Масару Ибуканың «3 жастан кейін кеш қалдыңыз» кітабында жақсы мысал келтірген. Онда бір отбасының тұңғышы олар жас, үйлері тар кезде өмірге келеді. Сондықтан ата-анасы баланың қасынан әркез табылып, үнемі сөйлесіп отыруды дағдыға айналдырады. Айналада болып жатқан барлық дыбыстарды, әңгімені естіп үйренген бала тілі тез шығып, өсе келе сөзшең, ашық, ойын жақсы жеткізе алатын болады.
